Алайда Ресей мен АҚШ жаңа қырғи - қабақ соғыстың басталуы мүмкін екендігін жоққа шығарып келеді.
Грузиядағы дағдарыс, сондай-ақ АҚШ-тың зымыраннан қорғаныс жүйесі бөліктерін орнату туралы Польшамен келісімге қол жеткізуі осындай пікірлерге түрткі болуда.
Мәскеуде орналасқан, қазіргі Иран елі мәселелерін зерттеумен айналысатын орталық директоры Ражаб Сафаровтың осыдан 2 апта бұрын “Время новостей” газетінде мақаласы жарияланған болатын.
Мәскеу Сириямен әскери-техникалық байланысын нығайтып, Кубадағы әскери базаларын қайта қалпына келтіруі мүмкін деді ол.
“Ресей үшін бұдан да гөрі тиімді жол- Иранмен саяси-әскери одақ құру, ондай жағдайда қазіргі әлемнің геосаяси келбеті мүлдем өзгерер еді",- деді Сафаров.
Иран жерінде Ресейдің кем дегенде екі базасы орналасар еді. Оның бірі-Шығыс Әзірбайжанда, екіншісі- Қишмде. Иранның солтүстігіндегі базасынан Ресей тарапы Әзірбайжан, Грузия, Түркия елдерінде болып жатқан әскери әрекеттерді бақылап, оны Иранмен бөлісер еді деп атап көрсетеді сарапшы.
Ал Қишм аралындағы базасы арқылы Ресей әскерилері Парсы шығанағындағы Құрама Штаттар мен НАТО әрекеттерін бақылауға, демек күдікті кемелерді тоқтатып, ондағы жүктерді тексеруге қол жеткізеді.
Әуе базаларын орнатуға мүмкіндік бергені үшін Ресей елі Иранға заманауи әскери әуе қорғанысы және зымыраннан қорғану жүйелерін сыйлар еді дейді Сафаров.
Сондай-ақ Иранмен барлық салалар бойынша әріптестікті өрістетуге кеңес бере келе сарапшы әсіресе энергия көздеріне байланысты біріккен газ өндіру одағын құруды ұсынып отыр. Әлемдегі табиғи газдың 60 пайызына ие бұл қос ел газға бағаны ырықтандырып отырар болса, онда жарты әлем, тым болмағанда тұтас Еуропа олармен достық байланыстар орнатуға тырысады дейді ол.
Сонымен бірге сарапшы Иранды Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке тезірек қабыладуға кеңес беріп, Ресей-Қытай-Иран одағынан Батыс қаймығар еді дегенді айтқан екен.
Бұл пікірлерге Фарда радиосының тілшісі, Иран елі бойынша сарапшы Хусейн Ариан төмендегідей уәж айтып отыр.
Алайда, жаһандастыруды басынан өткеріп жатқан қазіргі әлемде қырғи - қабақ соғысына қарай ұмтылыс байқалмайды. Ондай жағдайда Ресей елі әлемдік экономикаға кірігу үдерісінен айрылып қалар еді. Қытай да экономикасын ықрықтандырған ел.
Ресейдің Иранмен саяси-әскери одақ құруы да қиял. Себебі Иран Конституциясының 146-бабы бойынша елде қандай да бір шетелдік әскери базаны орналастыруға тыйым салынған.
Сондай-ақ Иран Парсы шығанағында негізгі күшке айналғысы келеді. Сондықтан Ресейдің Парсы шығанағын бақылауында ұстауы Иранның қызығушылығына қайшы болмақ дейді сарапшы Ариан.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда ресми Теһранның Кремлмен одақ құруы Иранның Батыс технологиясы мен инвестициясынан, базарынан қол үзіп қалуына алып келер еді.
Сондай-ақ Ресейдің қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге тырысуы Иранға шабуылдың жасалу ықтималдығын арттыра түседі. Теһранның Кремлмен қазіргі стратегиялық байланысы- ыңғайлы тәсілді іздеуден туындаған одақ.
Оның үстіне ядролық бағдарламасына байланысты Иранға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тарапынан салынған тыйымның соңғы үш қарарына Ресей қол қойды. Теһран мұны біледі, әрине. Түрлі себептермен Бушер электр бекеті құрылысын аяқтауды кейінге ысыруы да, Ресейдің Иранға деген көзқарасын дәлелдесе керек.
Грузияға шабуылына орай Ресейдің тұйықталуға ұшырау мүмкіндігі оның Иранмен одақтастыққа ұмтылуына әкелуі кәдік. Алайда тарихи тұрғыдан алғанда Ресей елі, 18-ғасырдың ортасынан бері, Иранның әлсіреген сәттерін пайдаланып қалуға тырысып келеді деп түйіндейді ойын сарапшы Ариан.
Батыстағы және Ресейдегі кейбір бақылаушылар жаңа қырғи - қабақ соғысы басталуы мүмкін деген болжам айтуда.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы