Ғарыш орталығының баспасөз хатшысы Александр Бобреневтың айтуынша, орталық мамандары жасанды жер серігінің ақауын анықтап, құрылғы жұмысын қайтадан ретке келтірген.
«Қазіргі таңда аппараттың мүмкіндіктері тексеріліп жатыр. KazSat-1 борттық жүйесін тексеру аяқталған соң аппарат қолданысқа берілетін болады», - деді Александр Бобренев.
Жасанды жер серігін тексеру жұмыстарының қашан аяқталатындығы әзірге белгісіз. Сонымен қатар, ғарыш орталығындағылар аппараттың болашағына қатысты қандай да бір болжам жасаудан бас тартып отыр.
Хруничев атындағы орталық KazSat-1 ғарыш аппаратын Қазақстанның тапсырысымен жасап шығарған болатын. Қазақстан Үкіметі жасанды жер серігін орбитаға шығару арқылы жылына 25 миллион доллар үнемдеуге болатындығын хабарлаған еді. Аппарат 2006 жылдың маусымында орбитаға шығарылып, сол жылдың күзінде оны басқару тетігі Қазақстанға тапсырылған.
Алайда көкке көтерілгеннен кейін тура екі жыл өткенде аппарат істен шықты: 2008 жылғы маусымның 8-күні KazSat-1 жұмысында төтенше жағдай тіркеліп, он жыл қызмет атқарады делінген, 65 миллион доллардың құрылғысы өз құнын ақтамастан істен шыққан еді. Соған байланысты қазақстандық телерадиоарналар қосалқы байланыс желісіне ауыстырылған болатын.
Ресейдің М.В.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш орталығы осыдан үш ай бұрын істен шығып қалған қазақстандық KazSat-1 жер серігімен байланыс орнатты. Аталған мекемедегілер аппаратты тексеріп барып қолданысқа қайта бермек ниетте.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы