ІШКІ ҚАҚТЫҒЫС
Өткен жұма, 26-ақпанда ақтөбелік "Рифма" компаниясы "Диапазон-Орал" газетінің жұмысы тоқтатылғаны туралы ресми түрде мәлім етіп, ақпарат таратты. Бұған қоса, «Рифма» компаниясы өзінің аймақтық медиа-жобасы - аймақтық-жарнамалық басылым «Среда-Орал» газетінің де қызметін тоқтатты.
«Рифма» компаниясы басшылығының мәлімдемесінде «Соңғы жарты жылда филиалдағы 15 қызметкер қала орталығындағы жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын ғимаратта жұмыс жасады. Бас редактордың және жауапты хатшының жалақысы 100 мың теңгеден асып жығылды. Белді журналистердің айлығы - 65-75 мың теңге аралығында, тіпті бұдан да жоғары болды. Бұл көрсеткіш Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының медиа-нарығындағы бағамнан әлдеқайда жоғары" деп жазылған.
Осы деректерге сүйенсек, еңбек жағдайының нашарлығы мен жалақының төмендігі туралы наразылықтың еш негізі жоқ, шындыққа жанаспайды. 23ақпан күні газет басылуға дайындалып жатқан кезде "Диапазон-Орал" газетінің бас редакторы мен өзге де қызметкерлері жұмыстан өз еркімен босату жөнінде арыз жазады.
Алайда, Бас редактор болған жайдың анық-қанығын түсіндіріп беру үшін Ақтөбе қаласындағы бас кеңсеге келуден бас тартады. Осыдан кейін компания басшылығы "Диапазон-Орал" газетінің жұмысын тоқтату туралы шұғыл шешім қабылдапты.
Компания өкілдері бұл жағдайға шығармашылық ұжымның ішінен іріткі шыққаны себеп болғанын алға тосады. Филиал қызметкерлері өзара түсіністікке келе алмады. Осыдан кейін газеттің қызметін тоқтатуға мәжбүр болдық» делінген «Рифма» компаниясының ресми мәлімдемесінде.
Ақтөбелік «Диапазон» газетінің бас редакторы Елена Гетманованың сөзінше, «Диапазон-Орал» газеті ұжымының ішіндегі қалыптасқан ахуал филиал директоры мен бас редактордың арасындағы алауыздықтан туындаған.
- Филиал директоры мен бас редактор арасында мұндай кикілжің жиі болып тұратын. Олар бір-бірін жамандап, компания басшылығына жиі шағымданатын. Осындай алауыздықтың ақыры қызметкерлердің жұмыстан жаппай бас тартып, газеттің кезекті нөмірінің тоқтап қалуына себеп болды. Енді компания басшылығы Орал қаласындағы барлық медиажобаларды тоқтатуға мәжбүр болды, - дейді Елена Гетманова Азаттық радиосына берген сұхбатында.
БАСШЫЛЫҚҚА НАРАЗЫЛЫҚ...
«Диапазон-Орал» газетінің бұрынғы бас редакторы Жаннат Нұғманова Елена Гетманованың бұл пікірімен келіспейді. Оралдық филиалдың директоры Дариға Жұмагелдиева өзінің іс-әрекетін компанияның бас кеңсесінің мақұлдауымен іске асырған.
- Филиал директоры өзінің жұмысын басшылықтың тапсырмасымен орындады. Сондықтан, біздің наразылығымыз, әлбетте, «Рифма» компаниясының басшылығына бағытталады, - дейді Жаннат Нұғманова.
Бүгінгі күні өз жұмысын тоқтатқан «Диапазон-Орал» газетінің жекелеген қызметкерлері жаңа жұмыс тауып та үлгірген, олар оралдық ТДК-42 жекеменшік телеарнасына жұмысқа орналасқан.
Естеріңізге сала кетелік, 24 ақпан күні «Диапазон-Орал» газеті жарыққа шықпай қалды. Басылымның кідірісіне газет қожайыны - ақтөбелік "Рифма" компаниясы жалақыны көтеруді талап еткен журналистерді айыптады. Ал газет қызметкерлері керісінше газеттің кезекті нөмірін тоқтату туралы бұйрықтың ақтөбелік "Рифма" компаниясы басшылығынан келіп түскенін айтады.
«Диапазон-Орал» газеті жабылса да, журналистер мен қожайын арасындағы кикілжің жалғасуда
«Диапазон-Орал» газетінің құрылтайшысы басылымның жұмыс орнының тар болуы мен жалақының аздығына қатысты журналистер талап қойғандықтан шықпай қалғандығы туралы ақпаратты теріске шығарды. Газеттің меншік иесі дағдарыс себебін ұжым ішінде шыққан іріткіден көріп отыр.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы