«Халық майданы» қозғалысының мүшесі Жанболат Мамайды Ақтау полициясы тамыздың 16-cында ұстап әкімшілік соттың шешімімен 10 тәулікке қамаған болатын. Оған «заңсыз митинг ұйымдастырды» және «полицияға қарсылық көрсетті» деген айып тағылды. Бұдан бөлек, сот оны 10 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 100 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеген еді.
«ПОЛИЦИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТПЕГЕНІМДІ ДӘЛЕЛДЕУ ОҢАЙ ЕДІ»
- «Полицияға қарсылық көрсетті» деген айып бойынша қамалдыңыз7 Шын мәнінде полицияға қарсылық танытып па едіңіз?
- Бұл жерде біріншіден, мына нәрсені айтқым келеді. Әкімшілік сот болған кезде сол полицияға қандай қарсылық көрсеткенімді дәлелдейтін видематериалдарды талап еттім. Кез-келген әуежайда кіре берісте және шыға берісте міндетті түрде видеофиксация яғни, бейнетүсірілімдер болады. Егер бұл құжаттардың барлығын сотта көрсеткенде менің ешқандай да қарсылық көрсетпегенімді оп-оңай дәлелдеуге болатын еді. Бұл - бір.
Екіншіден, мені тұтқындау кезінде сол әуежайдың алдында прокуратура, ұлттық қауіпсіздік өкілі сол тұтқындауды тұтастай видеоға түсіріп отырды. Сол видеоны сотта қолдануды талап еттім. Бірақ ол сотта көрсетілген жоқ.
Бұған қоса, мені қарсы алған адамдар бар, жолда өтіп бара жатқан адамдар да бар.
Алайда сотта ешқандай құжаттар да, куәлар да тартылған жоқ. Тек қана полицияның сөзіне сүйеніп қана шешім шығарды. Жеке басым ешқандай қарсылық көрсеткенім жоқ.
Үш полиция қызметкері келіп, «сіздің үстіңізден 373-баптың 1-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалды, Ақтау қалалық полиция департаментіне барайық» деді. «Жақсы» дедім. Көлікке отырдық, кеттік. Мұны мені қарсы алған адамдар да көрді. Әуежайдағы адамдар да көрді.
Сондықтен мен мұны кәдімші ашықтан-ашық адам ұрлау деп бағалаймын. Адамды ұрлауды, оны жолдан қалдырудың, оған қастандық жасаудың бірден- бір түрі деп есептеймін. Соттың өзі 15 минуттың ішінде түнгі сағат он бір жарымда болды. Бұл істің тапсырыспен арнайы жасалған дүние екендігі айдан анық.
«БҰЛ - КЕК АЛУ ТӘСІЛІ»
- Сіздің пікіріңізше, бұл жазаның саяси астары бар, мұнайшылар ереуіліне қатысы бар дейсіз ғой?
- Әрине, тікелей байланысты. Бұлардың шымбайына 3 мыңнан астам «нұротандықтың» партия қатарынан шығуы қатты батқан. Және қатаң жаза қолдану, яғни он тәулікке қамау - бұл билеуші партия қатарынан мұнайшылардың жаппай шығуына берілген кек алу тәсілі, бұл мәселенің ушығуына жол бермеудің көрінісі деп есептеймін. Бұл - бір.
Екіншіден, Жаңаөзенге сапарым - сол жақтағы жастармен кездесіп оларды «Халық майданы» қозғалысына қосылуға және «Нұр Отанның» жастар қанатынан шығаруға үндеумен байланысты болатын. Әрине, мұның барлығы да алдын-ала полицияға, маңғыстаулық арнайы қызмет өкілдеріне белгілі болды. Менің қамалуыма негізгі себеп осы болды деп есептеймін.
- Қазір өзің Ақтаудан келе жатырсың. Ондағы мұнайшылардың қал -ахуалы қалай?
- Мұнайшылармен кеше кешке кездестік. Сөйлестік. Оның алдында да сөйлескен болатынбыз. Яғни, он күн бұрын. Олар «жеңілдікке жетпейінше, мәселе шешілмейінше орнымызда тапжылмастан тұрамыз» деп қалай болған күнде жеңіске жетуге бекініп отыр. Менің ойымша, түптің- түбінде бұл мәселе шешілмесе, ол жақта үлкен толқулар болады.
- Сұқбатыңызға рахмет!
Жанболат Мамай өзінің қамалуын биліктің кек алуы ретінде бағалайды
«Полицияға қарсылық көрсетті» деген айыппен Ақтауда он күнге қамалған «Халық майданы» қозғалысының мүшесі Жанболат Мамай тамыздың 26-сы күні қамаудан босады. Ол жазаны өзінің саяси қызметімен байланыстырады.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы