Адвокат: Думан Мұхаммедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетті

Журналист Думан Мұхаммедкәрім сот залында жақтастарының сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы облысы, 2024 жыл.

Сот үкімімен биыл жазда жеті жылға түрмеге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Қызылордаға этаппен жөнелткен. Азаттыққа бұл ақпаратты хабарлаған оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов қамаудағы журналистің денсаулығы нашар екенін айтты.

"ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАР, ОТЫРА АЛМАЙДЫ"

"Кеше (19 желтоқсанда) Думан Мұхаммедкәрімді этаппен Қызылордаға әкетіпті. Қай жерге екені әзірге белгісіз", – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов жұма күні таңертең.

Бұған дейін өзін Алматы облысындағы түрмеге ауыстыруды талап етіп аштық жариялаған журналист, адвокаттың сөзінше, 7 желтоқсанда аштықты тоқтатқан. Адвокат қамаудағы Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашар екенін айтты.

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім (сол жақта) мен оның әкесі Алмаз Тілепов.

"Оның денсаулығы нашар, өйткені бүйрегі қатты ауырады. Отыра алмайды, не тұрады немесе жатады. Біз медициналық көмек көрсету туралы талай рет өтініш жасағанбыз", – деді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокат заңда сотталған адам өзі тұратын аймақта жазасын өтейді деп жазылғанымен, нақты жағдайда бұл талап орындалмай отыр деді. Думан Мұхаммедкәрім қамауға алынғанға дейін Алматы облысында тұрды.

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) әзірге түсініктеме бермеді.

Осыдан екі апта бұрын адвокат Нұрпейісов журналист Думан Мұхаммедкәрімнің түрмеде наразылық ретінде денесін тіліп, аштық жариялағанын хабарлаған. Ол журналистің денесіндегі жарақатты көргенін айтқан.

Ал ҚАЖК "журналист өз денесін тілді" деген ақпаратты жоққа шығарған.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН ХАБАР ТАРАТҚАН

46 жастағы журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айыппен биыл тамызда жеті жылға сотталған. Бұған қоса, сот оған үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.

Мұхаммедкәрімге қарсы қылмыстық іс қозғауға журналистің ұзақ уақыттан бері шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. 2018 жылы Қазақстан соты "ҚДТ" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Мұхаммедкәрім өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Жақтастары билікті қатты сынап жүрген тәуелсіз журналист саяси ұстанымына бола қудалауға түсті деп санайды.

20 жылдай мемлекеттік арналарда жұмыс істеген, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған Думан Мұхаммедкәрім 2021 жылдан бастап You Tube желісінде "Ne Deidi?" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар туралы түрлі материалдар жариялай бастады.

Ол саяси ортада 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен танылды. Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистің бірі. Журналист YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады.

Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түскен. Қараша айының басында апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырды.

Your browser doesn’t support HTML5

Абақтыдағы журналист. Думан Мұхаммедкәрім ісінің мән-жайы