Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге кіріп шыққан адвокаты Ғалым Нұрпейісов "Республика" басылымына оның жағдайы туралы айтты. Оның сөзінше, Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған журналист өзін Алматы облысындағы Заречный түрмесіне ауыстырмағанына наразылық ретінде денесін тілген, ізінше аштық жариялаған.
"Талдықорғандағы тергеу изоляторында Думан Мұхаммедкәрімді екі күн суық карцерде бетон еденде жылы киімсіз ұстаған" деді адвокат басылымға.
Оның сөзінше, апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалдырылғаннан кейін Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысындағы Заречный түрмесіне жіберуі керек болған. Себебі заң бойынша ол өзі тұратын аймақта жазасын өтеуі керек. Алайда адвокаттың Азаттыққа айтуынша, журналисті Талдықорғанға "құжаттарды алғаннан кейін Заречныйға ауыстырамыз" деп "алдап апарып", камераға жапқан. Түрмеге ауыстыруды талап еткен кезде карцерге жапқан. Осыған ызаланған журналист денесін тіліп, ізіне аштық жариялаған.
Адвокаттың айтуынша, Думан қарсылық ретінде "қолы, іші және тамағын тіліп", қабырғаға "Оян, қазақ" деп қанмен жазған.
"Жедел топ келгеннен кейін оған алғашқы көмек берген, алайда көктамырын тілді деген фактіні тіркеуден бас тартқан. Бұдан кейін Думан аштық жариялады. Алайда аштық фактісін тіркеуден де бас тартқан. Сосын тергеу изоляторының қатардағы қызметкерлері оны камераға ауыстыруды талап ете бастаған. Оны камераға ауыстырған" деді адвокат.
Оның сөзінше, мұның бәрі апелляциялық сот өткеннен кейін қараша ортасында Талдықорғанда болған.
Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялап, өзінің құқығы үшін күресетінін айтқан.
"Өзіме қол жұмсайын деп отырған жоқпын, менің құқығым бар екенін, заңды түрде мүддем бар екенін және олардың мұны сақтауға міндетті екенін кез келген амалмен жеткізгім келеді" деп адвокат журналистің сөзін жеткізеді.
5 желтоқсанда Азаттық Талдықорғандағы журналист отырған тергеу изоляторына хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген өзін Зарина Бачканова деп таныстырған әйел Думан Мұхаммедкәрімнің сол түрмеде отырғанын растады. "Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағаны рас па?" деген сұраққа "оны білмейді екенмін, кезекші бөлімге хабарласыңызшы" деді. Ал түрме бастығы Әсет Ермаковқа Азаттық хабарласқан кезде тілшінің аты-жөнін екі рет сұраған ол "ұялы телефоныңызды қалдырыңыз, хабарласамыз" деді. Бірақ түрме бастығы редакцияның нөміріне сол күйі хабарласпады. Азаттық қайта хабарласқан кезде телефон тұтқаны ешкім көтерген жоқ.
Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен биыл тамызда жеті жылға сотталған. Журналистің өзі айыпқа үзілді-кесілді қарсы. Билікті қатаң сынап жүрген журналисті жақтастары саяси белсенділігі үшін қудалады деп санайды. Оның ісін саралаған құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын жоқ» дейді.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар оған араша түскен. Қараша айының басында апелляциялық сот Думан Мұхаммедкәрімнің үкімін өзгеріссіз қалдырды.