– Шаңырақтағы сай дедіңіз бе? Полициямен қақтығыс болған жер ғой, сол маңда тұрамын. Отырыңыз, – қайда баратынымды естіген таксист жігіт жылдам қимылдап көлігінің есігін айқара ашты.
Күннің қызуы төрт терезесін түгел ашып тастаған ескі көліктің төбесін ерітіп жіберердей өртеніп тұр. Тер басқан бетін мойнындағы орамалмен сүртіп қойып келе жатқан Нұрлан такси қызметін көрсетіп отбасын асырап жүргеніне тоғыз жыл болғанын айтады. Оған дейін он жылдай құрылыста істепті. Үш баласы кәмелетке толмаған, әйелі жұмыс істемейді екен.
– 2003 жылы құрылыста жүргенде Шаңырақтан алақандай жер сатып алып, ауылдан бауырларым көмекке келіп, үй салғам. Сөйтсем, жер сатқандар алаяқ екен. Бізге берген қағазда билік өкілінің қолы қойылып, мөрі басылғанымен, жарамсыз болып шықты. Не істерімізді білмей біраз сенделдік қой, тек осы Шаңырақ оқиғасынан кейін билік ол жерді заңдастырып берді, – дейді Нұрлан.
– Өзіңіз қақтығыс қалай болғанын көрдіңіз бе?
– Жоқ, сол күні ертемен жұмысқа бара жатқанымда сайдың бергі жағында ел жиналып, жолды жауып тұрғанын, арғы жақта полиция қызметкерлеріне оншақты әйел жиналып, әлденені айтып жатқанын ғана көрдім. Кешке үйге оралғанда қатты шайқас болып, көп адам зардап шеккенін естідім.
2006 жылы 14 шілдеде Алматының іргесіндегі Шаңырақ ауылына "жерді заңсыз иеленіп" алғандардың үйін сүруге келген билік өкілдеріне жергілікті халық қарсылық көрсеткен. Тура бір апта бұрын Түрксіб ауданына қарасты Бақай ауылында осындай "заңсыз салынған" ондаған үйді бірнеше сағаттың ішінде трактормен таптап бұзған еді.
Бақайда болған жағдайды естіген Шаңырақ тұрғындары – елдің түрлі өңірінен күнкөріс қамымен Алматыға көшіп келген азаматтар баспанасын қорғауды ұйғарған. Қазақстанның жаңа тарихына Шаңырақ оқиғасы деген атаумен енген қақтығыс кезінде ондаған адам зардап шекті.
Билік өкілдері мен тұрғындар арасында болған қақтығыс барысында полиция қызметкеріне әлдекімдер от қойып, қатты күйіп қалған жас офицер бірнеше күннен кейін ауруханада жан тапсырды.
2007 жылы 5 қазанда Алматы қаласының соты "Шаңырақ ісі" бойынша айып тағылған 25 адамға үкім шығарды.
Сот "тәртіпсіздікті ұйымдастырған" деп тапқан диссидент ақын Арон Едігеевті (Атабек – әдеби бүркеншік аты) – 18 жылға бостандығынан айырды. "Полиция өкілінің қазасына кінәлі" деп танылған Құрманғазы Өтегеновке 16 жыл түрме жазасын кесті. Ерғанат Тараншиев – 15, Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрмеге қамалды.
Бұған қоса сот тағы 18 адамға үш жылдан шартты жаза кесті. Екі адам бір жылдан шартты мерзімге сотталып, бір адам ақталды.
Түрме жазасын алған төртеу тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Жақтастары оларға "қолдан жасалған айып тағылған" деп санайды. Шаңырақ ісі бойынша сотқа төрағалық еткен судья Адайбек Бейімбетов кейін Азаттыққа сұхбатында сотталғандарға тағылған айыптың "бәрі видеоматериалда қолмен қойғандай көрініп тұр, ол үкімге қазір де қол қоя аламын" деген еді.
Тараншиев пен Тұяқов 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін Өтегеновтің жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.
ШАҢЫРАҚТЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫ
Қазір Алматының Алатау ауданына қарайтын Шаңырақ ықшам ауданына асфальт төселген көшемен келіп кірдік. Бір кезде ешқандай инфрақұрылым болмаған, жауын-шашын болса саз балшыққа айналатын Шаңырақта кейінгі он бес жылда көп нәрсе өзгерген.
Таксист Нұрлан екі жағында қаз-қатар үйлер салынып, жарық бағандары орнатылған көшенің бір тұсына тоқтап, "діттеген жеріңізге де келдік" деді.
Күн ыстық болғасын ба, көшеде жүрген адам аз. Мектеп жанындағы аялдамада қала ішінде жүретін автобусты күтіп бірнеше кісі тұр.
Жол бойындағы дүкеннен азын-аулақ көкөніс салынған пакет ұстап шыққан адамды сөзге тарттық. 42 жастағы Бейбіт Әжітаевтың Шаңырақта тұрып жатқанына бес жыл болыпты. Алматыға 2005 жылы Жаркент қаласынан көшіп келген екен.
– Орбита ықшамауданында тұрғам, бірақ пәтер қымбаттады. Қазір осында біреудің аядай бір бөлмесін жалдап тұрамыз. Әйелім төртінші балаға босанғасын көп балалы отбасы ретінде үй кезегіне тұрдық. Кім білсін, ол кезек қашан келетінін, күтеміз, қайтеміз енді. Өзім сатып алуға ақша жоқ, үйді қойып тамақ сатып алу қиындап кетті қазір. Міне, бұрын бір-бір жарым келі сатып алатын ақшаға мына төрт тал қияр мен екі қызанақ алдым үйге, түскі асқа талғажау етеміз, – дейді ол қолындағы көкөністі көрсетіп.
Бейбіт Әжітаев 15 жыл бұрын Шаңырақта болған оқиға жайлы онша хабары жоғын айтты. "Әйтеуір жер үшін бір шайқас болған дейді, бірақ бүге-шігесін білмеймін" деді ол.
62 жастағы Балғабай Қыстаубаев осыдан үш жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келіпті. Қазір екі ұлымен бірге Шаңырақта тұрып жатыр.
– Анау жерде біреудің үйінде тұрамыз, өзім ештеңе істемеймін, денсаулығым жарамайды. Балалар азаннан кешке дейін жұмыста, әзірге өз баспанасы жоқ, – дейді ол.
– Он бес жыл бұрын осында болған қақтығыс жайлы не білесіз?
– Қандай қақтығыс?
– "Жерді заңсыз пайдаланып отырсыңдар" деп үйін сүруге келген полицияға жергілікті халық қарсылық танытқан. Көп адам зардап шегіп, бір полицей мерт болған. Кейін бірнеше адам сотталды. Олар жайлы не білесіз?
– Жоқ, естімеппін ондайды.
Ары-бері өтіп жатқан тағы бірнеше қыз-жігіт, мектеп жасындағы балалардан да сұрап көрген едік. Бірақ ешбірі Шаңырақ оқиғасы жайлы жарытып ештеңе айта алмады.
Бір кезде қарсы жолыққан орта жастағы ер адам ғана оқиға жайлы білетін болып шықты. Өзін Арман Өміржанов деп таныстырған ол суретке түсуден бірден бас тартты. Шаңырақта тұрып жатқанына жиырма жылдан асыпты.
– Мына Шаңырақ-1 мен Шаңырақ-2 арасындағы сайда салынған үйлерде тұрып жатқан халық жалғыз баспанасынан айрылатын болғасын еріксіз қарсы шықты ғой күреске. Шындығында ол тұруға қолайсыз, сазды жер еді. Бірақ басқа жерден үй салуға не сатып алуға шамасы жоқ жандар өзінше амалдап, қарызданып-қауғаланып жүріп салып алған ғой баспананы, – дейді ол.
Арманның пікірінше, кейін тұрғындардың жері мен үйін бәрібір заңдастырып берген билік әу баста келіссөзбен шешкенде, іс насырға шаппас еді.
– Ақыр соңында қан төгілді, бір полиция мерт болды, қаншама адам сотталды. Оларға қысым да көрсеткенін жақында Рүстем Тұяқов сұхбатында айтты, анау диссидент Арон әлі отыр, халық оны саяси тұтқын деп жүр. Әділет болмады ғой, жұрт үйін қорғағаны үшін жазықты болды, – дейді Шаңырақ тұрғыны.
2006 жылғы 14 шілде оқиғасынан кейін билік Шаңырақ тұрғындарына даулы жер телімін заңдастыруға рұқсат етті. Қала шетіне коммуникация тартып, инфрақұрылым жасады. Алматыда Алатау ауданы деген жаңа аудан құрылып, Шаңырақ соның құрамына ықшамаудан болып енді.
ТҮРКОЛОГ, АҚЫН, ДИССИДЕНТ
Шаңырақ ісі бойынша ең ауыр жаза алған, қазір 68 жастағы Арон Едігеев (Атабек – әдеби лақап есімі) қоғамдық-саяси қызметке совет кезінен араласқан. Замандастары оның СССР тұсында коммунистік билікке, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін авторитарлық жүйеге қарсы күрескен диссидент ретінде танылғанын айтады.
Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген Арон Атабек Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Кейін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің моңғолистика және түркология кафедрасы аспирантурасында оқыған. Біраз уақыт кино, баспа саласында жұмыс істеген.
Куәгерлердің айтуынша, 1986 жылы желтоқсанда Геннадий Колбинді Қазақ ССР-і компартиясына басшы етіп жіберген Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына шыққандардың арасында Арон Атабек те болған. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталған совет диссиденті Хасен Қожа-Ахмет Аронды 17 желтоқсанда алаңнан көргенін айтады.
– Қазақ радиосында бірге істейтін Жарқын Шәкәрім, Ерсайын Байғабылов үшеуміз күндіз алаңға барып қайтқанбыз, мінберге қарсы екі жүздей адам тұр екен, басшылардан ешкім жоқ. Кешке алаңға қайта бардым, ол кезде алаңға милиция көп жиналып қалыпты. Арон мен Рашидті (Арон Атабектің туған інісі Рашид Нұтышев – ред.) сол жерде кездестірдім, түнде бірге болдық. Ал кейін мен сотталып кеткен соң Мәскеуден Алмас Естеков Хельсинки тобының саяси тұтқындар тізімінде аты-жөнім барын айтып, менің тағдырымды білуге іздеп келгенде Арон мен Рашид екеуі оны үйіме ертіп барыпты, – дейді Хасен Қожа-Ахмет.
Ресми ақпарат бойынша, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанда 99 адам түрлі мерзімге түрмеге қамалған (2 адам ату жазасына кесілген).
Арон Атабек өз естелігінде 1989 жылғы сәуірде СССР халық депутаттарының бірінші съезіне 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қайта баға беріп, оған қатысқаны үшін сотталғандардың барлығын толық ақтап, түрмеден босатуды және Қазақстанға егемендік беруді талап етіп, Мәскеудегі билікке петиция жазуды ұйымдастырғанын айтады. Оның сөзінше, хатқа қазақ ақын-жазушылары Сафуан Шаймерденов, Фариза Оңғарсынова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, академик Әбдуали Қайдар, профессор Мекемтас Мырзахметов қол қойған. Бұл сөзін Хасен-Қожахмет те растайды.
– Ол кезде, 1989 жылы сәуірде Тбилисиде совет әскері бейбіт шеруге шыққан халықты солдат күрегімен ұрып таратып, ондаған адам қаза тапқан. Грузиядан сайланған депутаттар наразылық ретінде толық құрамда съезге қатысудан бас тартқан. Сондай кезде Арондар әлгі талап хатты съез мінберінен айтқызуға күш салған, сөйтіп оны Мұхтар Шахановқа оқытты ғой, – дейді совет диссиденті.
Ол Совет одағында тоталитарлық жүйенің құрсауын сөгіп, коммунистік идеологияға балама ой-пікір айтқан бейресми қозғалыстар мен бірлестіктер пайда бола бастаған кезең еді. Қазақстанда сондай алғашқы ұйымдардың бірі – "Жерұйық" тарихи-этнографиялық қоғамын құруға Арон Атабек атсалысты. Хасен Қожа-Ахметтің сөзінше, "Жерұйық" пен "Желтоқсан" ұйымдары 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының үш жылдығына арнайы шара ұйымдастыру бастамасын көтереді.
– Бұған қарсы болған қалалық атқару комитеті, тіпті Компартия орталық комитетінің адамдары бізді күнде шақырып, райымыздан қайтармақшы болды. Біз көнбедік, ақыры билік "сендер алаңға шықпай-ақ қойыңдар, жабық залда жиын өткізуге рұқсат береміз" деді. Оған келістік, сөйтіп желтоқсанның үш жылдығы қарсаңында Алматы мединституты ғимаратында Желтоқсан құрбандарын, жазықсыз жапа шеккендерді алғаш рет көпшіліктің алдында еске алып, биліктің өтірігін түгел әшкерелеп, шындықты айттық. Бізбен айтыспақшы болып келген Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Тамас Айтмұханбетов, республика прокуроры Ғалым Елемесов ештеңе дей алмай отырып қалды. Кейін осындай жиын тағы 4 жоғары оқу орнында өтті, солардың бәрінде Арон, Аманжол Нәлібаев үшеуміз бірге қатысып, жазықсыз қудаланғандарды ақтау қажетін айтып сөйледік, – дейді Хасен-Қожахмет.
Серіктерінің сөзінше, Арон Атабек Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды толық ақтау, Қазақстанның егемендігін жариялау жайлы талапты Қазақстан компартиясы басшылығына да үнемі қойып жүрген.
– 1990 жылғы қаңтарда Алматы мақта-мата комбинатында Қазақстан коммунистерінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастармен кездесуінде Арон Атабек Желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынған. Дүр көтерілген бүкіл залмен бірге соған дейін желтоқсандықтарды ғайбаттап келген партократтар да орнынан тұруға мәжбүр болды. Ол "Нұрсұлтан, халықтың қарғысына қалма!" деген жазу ұстап барған еді, – дейді сол жиынға қатысқан Мәдина Хабибула.
"АЛАШ" ПАРТИЯСЫ, "ХАҚ" ГАЗЕТІ ЖӘНЕ САЯСИ ЭМИГРАЦИЯ
1990 жылы көктемде Арон Атабек пен бірнеше серігі "Алаш" ұлттық тәуелсіздік партиясын құрғанын жариялайды. Дәл осындай атаумен газет те шығарады. Сол кездегі газет материалдарында тіркелмеген ұйымның саяси платформасында "исламшыл, түрікшіл және демократиялық" партия екені жазылды. 1991 жылдың бас кезінде Арон Атабек Мәскеуге қоныс аударып, күзден бастап "Хақ" саяси басылымын шығарып тұрды, оның "Алаш және қазақ ұлты" ("Алаш и казахская нация") деген брошюрасы көп тиражбен баспадан жарық көрді.
Сол жылы желтоқсанда тіркелмеген "Алаш" партиясының бірнеше белсендісі "Алматы мешітіне баса-көктеп кіріп, тәртіпсіздік жасады" деген айыппен тұтқындалып, сотқа тартылды. Бұдан соң "Алаш" партиясының белсенділігі бәсеңдеді.
2013 жылы Азаттыққа түрмеден берген сұхбатында Арон Атабек: "Саналы адам өзгереді, өзгермейтін нәрсе жоқ. Алғашқы мақалаларымда "Демократия. Тюркизм. Ислам" деп жазғанмын. Қазір де соны қолдаймын. Демократияны бірінші орынға қоямын. Ислам – қазақтың төл діні, тюркизм – біздің тарихымыз. Демократия мен үшін бірінші орында болған, бола береді де. Бірақ ұлттық болмыс та сақталу керек, әлеуметтік теңдік те қамтылу керек" деген еді.
Атабек Мәскеуден шығарған "Хақ" газетінде белгілі қазақ диссиденті Кәрішал Асановтың "Егемендік елесі" атты қолжазба кітабынан "Президенттің күлкісіне сенбе" деген тақырыппен үзінді жарияланды. Осыған байланысты 1992 жылы Қазақстан тергеу орындары Арон Атабекті жауапқа тартпақ болады.
Бірақ Атабек Ресейден кетіп, Әзербайжаннан пана тапқан соң, Қазақстан билігі Кәрішал Асановтың үстінен "президенттің ар-намысына тиді" деген бап бойынша іс қозғап, диссидентті тұтқындайды. "Асанов Қазақстанның жаңа тарихында осы баппен тұтқындалған алғашқы адам еді" деп жазады Қазақстан баспасөзі тарихын зерттеуші Андрей Свиридов. Кәрішал Асановтың ісі батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың назарына ілігіп, Қазақстан билігіне сын айтылады. Ақырында "арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін" шешім қабылданады: сот Асановқа бір жыл шартты жаза кесіп, Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай оған амнистия жариялайды.
ҚАЗАҚСТАНҒА ОРАЛУ ЖӘНЕ БАСПАНА ҮШІН КҮРЕС
1993 жылы Әзербайжанның демократиялық жолмен сайланған алғашқы президенті Әбілфайыз Елшібей қызметінен кетіп, бұрынғы коммунист басшы Гейдар Әлиев билікке оралған соң Арон Атабек те Әзербайжаннан кетуді ұйғарады. Бірнеше жылдан соң Қазақстанға қайтып оралады. Келіні Мәдина Хабибуланың айтуынша, Қазақстанда ол қудалаудан қауіптеніп, шиеттей жас балаларымен бірге саяжайды паналайды. Тұрақты жұмысы, табысы болмағандықтан тұрмыс тауқыметін де тартады.
Әйтсе де өзінің сүйікті ісі – шығармашылықтан қол үзбейді. "Кочевье памяти знакам Зодиака", "Йоллыг-тегин. Памятник Куль-Тегин", "Махамбет. Өлеңдер. Стихи", "Тамга Небесного кагана", "Махамбет и эпоха" атты еңбектерін жазады.
2000 жылдардың ортасына қарай Арон Атабек "Қазақ ұлты" қоғамдық бірлестігін құрып, саяси өмірге белсене араласа бастайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған авторитар билік жүйесін сынап, өзге оппозициялық партиялармен бірге бірнеше акцияға қатысады. Ол үйсіз қазақтардың құқығын қорғайтын қозғалыс құру туралы бастама көтереді.
Алматыдағы "Әйгерім", "Бақай", "Ұлжан", "Шаңырақ" сияқты елдімекендерге елдің әр өңірінен күнкөріс қамымен көшіп келген азаматтарға өздері салып алған баспананы қорғау үшін күш біріктіруді ұсынады.
– Арон мемлекеттен қолдау таба алмай, өз күнін өзі көріп жатқан жандарды баспанасынан айырмақ болған биліктің саясатына қарсы шықты. Ол солардың сөзін сөйлеп, билікке бұл істе адам тағдырын далаға лақтырмай, мәселені шешу жолын бірлесіп табуды ұсынды. Бірақ қашанғы әдетіне басып, күшке жүгінуді құп көрген билік әлеуметтік мәселені өзі ушықтырып, саясиландырып жіберді. Арон кісі өлтіретін адам емес, оның кінәлі екеніне нақты дәлел ұсынған жоқ. Билік оны босатудың орнына, саяси тұтқын жасап отыр, – дейді Хасен Қожа-Ахмет.
САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ТІЗІМІНДЕ
Сот үкімі шыққаннан кейін Арон Атабек Алматыдан тысқары жерде бірнеше түрмеде қамауда болды. 2014 жылдың сәуірінен бері Павлодар тергеу изоляторында жалғыз адамдық камерада отыр. Қамауда отырған кезде екі мәрте "түрме ішіндегі түрме" шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. Тұтқынның түрмеде өзіне әкімшіліктің жасаған іс-әрекетін қатыгез әрі адамның ар-намысына тию деп тануды сұраған талабы қанағаттандырылмады.
2014 жылы Атабек Павлодар түрмесінен жазған хатында ем алу жайлы өтінішін қабылдамай жатқанын хабарлаған. Алайда түрме басшысы оның денсаулығы "емделуді қажет етпейді" деп жауап берді. Диссидент енді денсаулығы жайлы ешқайда және ешкімге шағынбайтынын жазған. Кей жылы оған сәлемдеме беру де қиындап кеткен еді.
Ол 18 жылдық түрме жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген. Бірақ Арон Атабек түрмеде өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға биліктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеген.
– Ол дәрігерге қаралуға үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Тіпті жай ғана денсаулық жағдайын тексеруге де келіспейді. Мен өзінен де сұрадым, мерзімінен бұрын босату жайлы әңгіме қозғамауды өтінді, – дейді павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова.
Биыл ақпан айында Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай сынды бір топ ақын-жазушы мен журналист Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабекті босатуды сұрап хат жазды.
"... Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды. "Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!" деген екен бір қарт назаланып... Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулығын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. "Елім-қазағым!" деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, президент мырза!" деп жазылған хатта.
Ақын-жазушылар Тоқаевтан Атабекті босатуды сұрайды. 25 ақпан 2021 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұл үндеуге Ресейдің ПЭН-Москва және "Свободное слово" ассоциациясы құқық қорғау ұйымдары да қосылып, Қазақстан билігінен Арон Атабекті қамаудан босатуды сұраған.
Алайда Қазақстан билігі әзірге ешқандай жауап берген жоқ. Адвокат Шынқуат Байжановтың айтуынша, көктемде президенттің амнистия жобасы әзірленгені туралы хабар жеткенімен, кейін жым-жырт қалған.
– Жұрт ол құжатты Назарбаевтың туған күнімен дөп келетін Астана күні мерекесіне жариялап қала ма деп күткен еді, болмады. Бәлкім, Конституция күні (30 тамыз – ред.) шығып қалар, – дейді адвокат.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Арон Атабектің «Жерұйық» әні - Шаңырақ бейнесіҚазақстандық құқық қорғаушылар елдегі саяси тұтқындар тізімін 2013 жылдан бері тұрақты жүргізіп келеді. Осыған дейін бірнеше рет жаңартылып, жаңа есімдер қосылған бұл тізімде Арон Атабектің аты-жөні алғашқы күннен бері аталып келе жатыр.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам құқықтары жөніндегі биылғы есебінде Қазақстанда саяси астары бар іспен қамауда отырған 20-дан астам адамның арасында Арон Атабек те аталған.
Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.
Қазақстан билігі еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.
2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы шығармашылық иесі" (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді. Ақын түрмеде жатқан кезде оның бірнеше кітабы баспадан шықты және электрон нұсқада жарияланды.
Қазақстанда саяси тұтқын барын мойындамайтын билік құқық қорғаушылардың тізіміне енген адамдарды "қасақана заң бұзушылар" деп атайды.