Мәскеуде болған жарылыс салдарынан Ресей қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғану әскерінің басшысы генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен оның көмекшісі қаза тапқан. Бұл туралы Ресейдің тергеу комитеті хабарлады.
17 желтоқсан күні таңертең Мәскеудегі Рязань даңғылындағы үйде жарылыс болған. Ресейлік телеграм-арналар екі адам қаза тапты деп жазды. Жарылыс болған жерде түсірілген фотодан үйдің кіреберісінде қимылсыз жатқан адамдар көзге шалынады.
Тергеу мәліметінше, жарылғыш зат кіреберіс жерде тұрған самокат құралына жасырылған.
"Украинская правда", BBC және Reuters Украинаның арнайы қызметіндегі дереккөздеріне сілтеп, Кирилловты өлтіру Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы операциясы болған деп жазды. Дереккөз "Кириллов әскери қылмыскер болды, себебі ол украиналық әскерилерге тыйым салынған химиялық қару қолдануға бұйрық берді" деген.
Таяуда Украинаның қауіпсіздік қызметі генерал Кирилловқа сырттай айып таққан. Киевтің мәліметінше, ол Украина сарбаздарына қарсы химиялық қару қолдануға жауапты болған. Соғыс басталғалы бері Кирилловтың бұйрығына сай, Ресей химиялық оқ-дәрі қолданған бес мыңға жуық жайт болған деді Украина тарабы. Соның ішінде "К-1" деп аталатын граната бар.
Ресей жағы мұндай айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Химиялық қару жөніндегі 1993 жылғы конвенцияға сәйкес, мұндай қару түрін пайдалануға тыйым салынған.
Кириллов Украинада химиялық қаруды қолдануға және жалған ақпарат таратуға байланысты Ұлыбритания санкциясына іліккен. Бұған дейін АҚШ пен оның одақтастары Ресей Украина әскеріне қарсы хлорпикрин деген улы зат қолданды деген қорытындыға келген.
54 жастағы Кириллов 2017 жылдан бері Ресей қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғану әскерінің басшысы болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Z-блогердің қазасы. Сарапшылар Ресейде репрессия күшейетінін айтады