Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Биыл күзде кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың әкесі, сот шешімімен 15 күнге қамалған Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғаушы Саида Таукелеваның Азаттыққа айтуынша, қылмыстық іс "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабы (202-бап) бойынша ашылған.

– [Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы болған күні] Қаржаубай арнайы жасақ (СОБР) көлігі жүріп кетпес үшін дөңгелегін жарып тастаған. Соған байланысты іс қозғап жатыр. Қазір шығынын есептесін, дөңгелегін ауыстырып берер. Іс бейбіт жолмен аяқталады деп ойлаймын, – деді Таукелева.

Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Алматы облысының полициясы да телеграм-арнасында растады.

"Қ.Нұрымов 10 желтоқсанда бұзақылық және көлік құралдары қозғалысына кедергі келтіру фактісі бойынша ұсталды. Ол қоғамдық орында әрі полиция қызметкерлеріне балағат сөз айтып, оларды пышақпен қорқытты, басқа біреудің мүлкіне қасақана зиян келтірді, пышақпен көлікті сырып, дөңгелегін жарып тастады. Айналасына, кәмелетке толмаған балаларға қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіп мен тыныштықты бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік сот оны 15 күнге қамауға шешім шығарды", – деп хабарлады полиция.

Полиция Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында болған оқиға кезінде автокөлік иесіне материалдық зиян келгені анықталды, оның жай-жапсарын анықтауға тергеу жүріп жатыр деді.

10 желтоқсанда Алматы облысының полициясы Қаржаубай Нұрымов "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпарат таратқан. Кейін полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов "Нұрымов полицияға шабуылдаған жоқ" деп айтты.

"Полиция қызметкерінің көлігіне шабуыл жасады. Қоғамдық қауіпсіздікті бұзды", – деді Әшімов журналистерге берген жауабында.

Биыл қазан айында Талғарда кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың бірнеше туысы осы аптада әкімшілік жауапқа тартылды. Сот марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен екі жақынын 15 күнге қамап, тағы біреуіне айыппұл салды.