Ресейдің бірнеше қаласында қоғамдық орындарда пиротехника жарылды

Ресейдің бірнеше қаласында адам көп жиналған орындарда пиротехника жарылды. Екі адам ұсталған. Полицияның айтуынша, күдіктілер телефон алаяқтардың нұсқауымен әрекет еткен.

Жарылысқа байланысты Мәскеудің шығысындағы "Форт" сауда орталығынан адамдар эвакуацияланған. Жарылыс сондағы мемлекеттік қызмет ұсынатын орталықта болған. Одан бөлек, Королевтегі сауда орталығы мен Мәскеу облысындағы Химки қаласындағы пошта бөлімшелерінен жұрт қауіпсіз жерге көшірілген.

Мәскеу мен Королевте екі күдікті ұсталған. Бірінші жағдайда зейнеткер әйел петарданы өзінен 120 мың рубль ақша ұрлап алған адамдардың нұсқауымен жарғанын айтқан. Екінші күдікті пиротехниканы полиция бөлімшесінде жармақ болған деп айтылады.

Бұдан бөлек, Санкт-Петербургтегі Сбербанк бөлімшесіндегі банкоматта жарылыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша, онда қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылған болуы мүмкін. Зардап шеккендер жөнінде мәлімет жоқ, банкоматтардың бірі қираған. "Mash на Мойке" арнасының жазуынша, жарылыстан бұрын банкоматқа газ жіберілген. Бұл банкоматты тонаудың ең танымал әдісі. Соған қарағанда жарылыстың алдыңғы оқиғаға қатысы болмауы мүмкін.

Осыған ұқсас оқиға сенбі күні кешке Красноярскіде болды деп жазды «Сибирь.Реалии» сайты. Биліктің айтуынша, банкоматты өртеді деп күдікке ілінген адам телефон алаяқтардың құрығына түскен болуы мүмкін.