Риддер жылу электр орталығындағы төтенше оқиғадан алты адам жарақаттанды

Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.

Қазақстанның шығысындағы Риддер қаласында жылу электр орталығында “газ-ауа қоспасы жарылып”, алты адам жарақаттанып ауруханаға түскен.

"Барлығы ауруханаға жатқызылды, жағдайы тұрақты" деді сенбі күні тараған видеомәлімдемеде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Оқиға 21 желтоқсанда сағат 4:39-да көмір конвейерінде дәнекерлеу жұмыстары кезінде болған.

Әкімнің сөзінше, станция істеп тұр. Бірақ желіде қысым азайғаны да хабарланған.

Кейінгі жылдары Риддердегі жылу электр орталығының жылыту маусымы кезінде істен шығуы жиілеген. Станция бірнеше рет жекеменшік басқаруға беріліп, мемлекетке қайта өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бір теңгеге сатып алған, миллиардтаған шығын қалған. Риддердегі ЖЭО мемлекетке қалай өтті?