10-шы ғасырда жазба деректерден белгілі бола бастаған Сыр өңіріндегі атақты қалалардың бірі – Сығанақ кезінде Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Қазақ хандығының орталығы болған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Тәңірберген Мәмиев «Сығанақ қаласы көп зерттелді, әлі де зерттеуді қажет етеді. Алайда, қаланың тарихы нақты тұжырымдалмаған», - дейді.
Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің профессоры Сәйден Жолдасбаев аталған университеттің студенттерімен бірге археологиялық жұмыстар жүргізуде. Ол жерден 4 бөлмелі кесене мен медресенің табылғандығын айтып отыр. Кесенеде жерленген 7-8 адамның мәйіті табылған. «Сондай-ақ, қаланың шығыс жағынан қабырғасы 1,5 метрге дейін сақталған үлкен медресенің орны ашылды. Алайда, оны толық ашып үлгенген жоқпыз, дегенмен де моллалардың отыратын орны, құран оқитын жер ашылды:
-Алдағы уақытта медресе мен кесенені ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ деген ниетіміз бар. Қазір біз 3 метр тереңдікте жұмыс істеп жатырмыз. Онда адамдар өмір сүрген үйлердің қабырғалары, ошақтың орны сақталған. Енді қаланың жасын анықтайық деп отырмыз.
Ал облыстық тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік мекемесінің директоры Шайтұрсын Әбдібаевтың айтуынша, археологиялық қазба жұмыстары рұқсатсыз жүргізіліп жатыр:
-Жергілікті жердегі ескерткіштерді қорғау мекемесіне келіп, рұқсат алулары қажет болатын. Мен оларға рұқсат беріп, жандарына бір адамды қосып беремін және ол жерден табылған заттарды облыстық музейге әкеліп тапсыруға міндетті. Алайда, олар мұны орындамай отыр.
«Менің қолымда мәдениет министрлігінің берген лицензиясы бар. Жаңақорған ауданының әкіміне де кіріп, рұқсатын алғанмын. Бұл жерде шу шығарып, байбалам салудың қажеті жоқ. Біз заңсыз ештеңе істемейміз. Ол бекер сөз. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қазба жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, бір өкініштісі жергілікті халық кезінде дұрыс түсінбей, қаланы зиратқа айналдыра бастаған. Біз бұны тоқтатып, қаланың шығыс бөлігінде жерленген адамдарды сыртқа шығаруға әрекет жасадық. Біздің үлкен жеңісіміз де осы», - дейді Сәйден Жолдасбаев.
Сыр бойындағы ежелгі қалалардың бірі – Сығанақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Археологтар осы қалаға қатысты алда үлкен жаңалықтар күтіп тұр дегенді айтуда. Қазірдің өзінде 4 бөлмелі кесене, сол кезде жерленген адамдардың мәйіттері табылған. Сонымен қоса, үлкен медресенің орны да ашылған. Енді, осы медресе мен кесенені мамандар ашық аспан астындағы музейге айналдырсақ деп отыр. Алайда, облыстық тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшылары қазба жұмыстары заңсыз жүргізіліп жатыр деген шағым айтуда.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы