Accessibility links

Көріпкелдер мен емшілерге қарсы майдан. Тәжікстанда бал ашқаны үшін түрмеге жабуы мүмкін


Балгердің үйінің жанында кезегін күтіп отырған әйелдер
Балгердің үйінің жанында кезегін күтіп отырған әйелдер

Тәжікстанда мыңдаған көріпкел мен емші ұсталды. Үкімет бақсы-балгерге қарсы науқан бастап, президент милицияның рейдтерін құптап отыр. Ал ел арасында билік жұмыссыздық, электр энергиясының тапшылығы сияқты әлдеқайда маңызды мәселелермен айналысса болар еді деушілер көп.

Севара төрт жыл бірге тұрған күйеуімен ажырасқан. Бірге тұрып жүргенде ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіске көбінесе күйеуінің «бір жұмысты тұрақтап істей алмауы» себеп болған.

Бұрын бір шаңырақтың астында тұрған екеу қазір сөйлеспейді, ал Севара көкейін тескен көп сұрақтың жауабын балгерден белгісі келді. Тәжікстан астанасы Душанбеде үйіне жақын маңнан балгер де тапты.

«Балгер біреу біздің некемізді бұзу үшін дуалағанын айтты. Солай болса, солай шығар», — дейді Севара (кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілді). 33 жастағы келіншек балабақшаға тәрбиеші болып істейді.

Севара балгерге аптасына бір рет барады, «дуадан» тазалану үшін барған сайын бес доллар шамасында төлейді. Алайда, барып жүрген адамы енді қабылдамайтын болыпты. Севараның айтуынша, оған милиция қызметкерлері келіпті.

Кейінгі уақытта тәжік полициясы ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыпты тұншықтыру аясында бақсы-балгерлер мен емшілерге қарсы рейдтерді күшейткен.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазан айында ішкі істер органдарының «дуалаумен және бал ашумен» айналысқан мың жарым адамды және 5000-нан астам «дүмше молданы» (дұғамен емдейтіндерді айтып отыр) ұстағанын мәлімдеді.

Рахмон мұндай шараға өзі пәрмен бергенін айтқанымен, 6500 адамның қанша уақыт аралығында ұсталғанын нақтылаған жоқ.

ІІМ дерегі бойынша, 1–24 тамыз аралығында ғана 150-ден аса балгер ұсталған.

Тәжік милициясының балгерлер мен емшілерден тәркілеген заттары
Тәжік милициясының балгерлер мен емшілерден тәркілеген заттары

Милиция мен мемлекеттік БАҚ ауық-ауық рейд кезінде ұсталған емшілер мен соқыр сенімнің жетегінде жүргендердің аты-жөні мен суретін жариялайды. Телеарналар олардың «мойындауын» таратады.

Милиция балгерлер мен көріпкелдерді, емшілер мен клиенттерін және олардың әрекетін бақылап отыру үшін тіркей бастады. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай.

Тәжікстанда бал ашуға заң жүзінде 2008 жылы-ақ тыйым салынған, ал биылғы маусымнан бастап олардың жазасы күшейе түсті.

Құқық бұзушыларға бірінші рет айыппұл салынуы мүмкін немесе 15 тәулікке дейін қамауға алады. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда көріпкел қылмыстық жазаға тартылады, ірі мөлшерде, 13 500 долларға дейін айыппұл салынуы немесе екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ислам діні бал ашуға тыйым салады. Саны 10 миллионға жуық Тәжікстан халқының басым көпшілігі осы дінді ұстанады.

СОҚЫР СЕНІМ МЕН ШЫНАЙЫ СЕНІМНІҢ АРА-ЖІГІ БҰЛЫҢҒЫР

Тәжікстанда балгерлердің көпшілігі дәстүрлі және діни наным-сенімге негізделген әдіс-тәсілмен науқастарды «емдеуді» ұсынады, мұндайда соқыр сенім мен шынайы сенімнің ара-жігі тым бұлыңғыр.

Дұғамен емдейтін мыңдаған адам бар, полицияның дерегі бойынша, олардың көпшілігінің діни сауаты мен медицина саласында дайындығы жоқ немесе білімі тым үстірт.

Заң бойынша дұғамен емдеуге тыйым жоқ, алайда осындай жолмен емдейтін ондаған адам алаяқтық сияқты басқа қылмыс жасағаны үшін айыпты болған.

Емшілікпен айналысатын ер адамдар арасында бірнешеуі ем алуға келген әйелдерге азғындық көрсеткені үшін түрмеге түскен.

Билік жасырын камерамен түсірілген деп, осындай бірнеше оқиғаның видеосын да жариялады.

Әдетте көріпкелдер мен емшілерге әйел адамдар үйір.

Душанбедегі сұраныста болған балгерлердің біразы бұрын клиенттері арасында үкіметте отырған жоғары лауазымды шенеуніктер бар екенін, туыстарының атынан келгенін айтқан болатын. Алайда Азаттық мұны өз бетімен растай алмайды.

КЕЛУШІЛЕР ЖЕТКІЛІКТІ

Бал ашуға заң жүзінде де, діни сенім бойынша да тыйым салынғанымен, Тәжікстанның консерватив қоғамында көріпкелдерге келушілер жеткілікті. Бәрі де болашағын болжағысы келеді.

Азаттықпен тілдескен бірнеше адамның айтуынша, келушілер көріпкелдерден дуа жасауды жиі сұрайды, мәселен, ажырасудан сақтану, бизнесін көркейту немесе сот алдында жауап беріп жатқан жақынын түрмеден сақтап қалу үшін дуа оқып беруді сұрайды.

Танымалдығы мен орналасқан жеріне қарай көріпкелдер мен емшілер клиенттерден екі жүз доллардан бірнеше жүз долларға дейін ақы алады.

Қысқа мерзімге милицияның қолына түскендер арасында елдің оңтүстігіндегі Бұқтар қаласында тұратын танымал көріпкел болған. Алайда «сенімді тұрақты клиенттер» ебін тауып, оған әлі де барып тұрады екен, мұны бізге солардың бірі айтты.

«Ол клиент қабылдамайтын болды, бірақ мен және тағы бірнеше адам құрбысы немесе туысы кейпінде оған әлі де барып тұрамыз», – деді аты-жөнін жасырып қалуды өтінген келіншек.

Тағы бір келіншек отбасындағы қиын-қыстау жағдайдан қашып, көріпкелге бару «көңіл-күйін ретке келтіріп, жаны байыз табатын жалғыз жол» екенін айтады.

Тәжікстан – балгерлікке тыйым салған Орталық Азиядағы жалғыз ел, десе де, көрші елдер арасында да мұндайды шектеу шараларын қолға алғандар бар.

Түркіменстан соқыр сенімге сүйеніп қызмет көрсетуді жарнамалауға 2016 жылы тыйым салса, Қырғызстан мұндай шараны биыл қолға алды.

Түркіменнің қауіпсіздік қызметі де кенеттен көріпкелдердің үйіне тексерумен барып, жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын сұрап, салық төлеуін талап етеді.

Қарапайым тәжік азаматтарының көпшілігі биліктің мұндай нәрсеге «басымдық» беруін сынға алып, оның орнына үкімет елдегі жұмыссыздық, инфляция, энергия тапшылығы сияқты күйіп тұрған мәселелерді шешсе болар еді дейді.

«Электр энергиясын күніне бірнеше сағатқа ғана береді, отбасымызды асырау үшін Ресейге жұмыс іздеп баруға мәжбүрміз. Ал үкіметіміз көріпкелдердің соңында жүр, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген Худжанд тұрғыны Азаттық тілшісіне. – Одан гөрі халықтың жағдайын жақсартуға назар аударса болар еді».

XS
SM
MD
LG