Германияның Магдебург қаласында базардағы жұртты көлік қағып өткеннен кейін қаза болғандар бес адамға жетті, арасында бір бала бар деп жазды құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйенген Der Spiegel басылымы.
Бұған дейін полицияға сүйенген Bild сайты 205 адамның зардап шеккенін, 86-сының ауыр жарақат алғанын жазған. Басылымның мәліметінше, төрт адам қаза болған.
21 желтоқсанда кешке Магдебургтегі жәрмеңкеде ер адам көлікпен жұртты қағып өткен. Жүргізуші бірден ұсталған.
Неміс баспасөзінің жазуынша, күдікті 50 жастағы саударабиялық дәрігер Германияға 2006 жылы келген. 2016 жылы босқын мәртебесіне ие болған. Ол Бернбургтегі ауруханада психиатр қызметін атқарған.
Ер адам әлеуметтік желіде "Германия босқын мәртебесін сұрап келген саударабиялықтарды қудалап жатыр" және Германия "Еуропада исламның кең етек жайғанын қалайды" деп жазған. Ол өзін исламға қарсы адам ретінде көрсеткен. 2019 жылы Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына берген сұхбатында ер адам "исламның жақсысы жоқ" деп айтқан. Әлеуметтік желілерде оңшылдардың "Германияға балама" партиясына оң көзқарас білдірген. WDR және NDR телерадиокомпаниялардың дерегінше, Сауд Арабиядан келген эмигранттар қауымдастығында ол босқын сұрағандарға көмектескен.
Bild-тің жазуынша, күдіктінің сілекейінен алынған тест нәтижесі оның есірткі қабылдағанын көрсеткен.
Жүргізушінің адамдарды не үшін қаққаны белгісіз. Полиция өкілінің айтуынша, олар барлық болжамды қарастырып жатыр.
Германияның канцлері Олаф Шольц қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Сенбі күні ол Магберург қаласына барды. Президент Франк-Вальтер Штайнмайер "бейбіт Рождество мерекесі қарсаңындағы қуаныш су сепкендей басылды" деді.
Саксония-Анхальт жерінің премьер-министрі Райнер Хазельхофф оқиғаны тұтас Германия үшін "апат" деп атады.
Германия билігіне АҚШ, Ұлыбритания, Франция және ЕО басшылары көңіл айтты. Ақорданың жазуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Германия президентіне көңіл айту телеграмын жолдаған.
Сауд Арабия үкіметі көлікпен жұртты қағу оқиғасын айыптап, неміс халқымен бірге екенін мәлімдеді.